Шығыс Қазақстан облысында білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті
2025 жылғы 21 тамызда Шығыс Қазақстан облысында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.
Маңызды басқосуға облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Оспан Еділ Сабырұлы, білім басқармасының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж директорлары, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, педагогтер мен ардагер ұстаздар қатысты.
Жиында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі аясында жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылының» алғашқы жартыжылдығының қорытындылары шығарылды. Колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастық нығайып, дуальды оқыту мен кадрлар даярлау сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқаны атап өтілді.
Сонымен қатар, өңірдің білім беру ісіне зор үлес қосып жүрген ұстаздар мен сала қызметкерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің марапаттарына ие болды.
Тамыз конференциясы өңір педагогтерінің ортақ мақсат-мүддесін айқындап, жаңа оқу жылындағы басты міндеттерді белгілеп, ұстаздарға тың серпін сыйлады.
Барлық әріптестерімізге жаңа оқу жылында шығармашылық табыс, шабыт пен жемісті еңбек тілейміз!








