Үздік педагогикалық тәжірибені тарату бойынша вебинарлар челленджі жалғасуда
ШҚО кәсіптік білім беру орталығы ТжКБ оқу орындарымен бірлесіп, үздік педагогикалық тәжірибені тарату бойынша вебинарлар циклін жалғастыруда. 2020 жылдың 27 қарашасында челленджді М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі қабыл алды. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігі мен кәсіби құзыреттілігін дамытудың өзекті мәселелеріне арналған вебинар нәтижелі өтті. Вебинар алаңында колледж директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары оқытушылардың педагогикалық шеберлігі мен кәсіби дағдыларын жетілдіру әдістері мен технологияларын талқылады. Болашақ маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудағы сыни ойлаудың рөліне баса назар аударылды. Жалпы алғанда 100-ге жуық колледждердің инженер-педагог қызметкерлері әдістемелік қоржынын толықтырды. Барлық қатысушылар талқылауға шығарылған мәселелер өзекті, практикалық құндылығы бар деген пікірге келді. Сонымен қатар, колледж педагогтері өздерінің озық тәжірибелерін республикалық деңгейде таратуда. Біздің әріптесіміз, Геологиялық барлау колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Минаева Назигуль Тлеуғазықызы «Тalap» КЕАҚ «Инновациялық жұмыстардың витринасы» жобасында педагогтер мен студенттерді белсенді шығармашылық қызметке ынталандыруға бағытталған оқытушы мен студенттің қызметін рейтингтік бағалау жүйесі арқылы колледждегі бақылау процесін жетілдіру бойынша әдістемелік жұмыс тәжірибесін ұсынып, құрметті III орынға ие болды. Назигуль Тлеуғазықызын лайықты жеңісімен құттықтаймыз және кәсіби қызметіне табыс тілейміз!