«Қазақ тілін оқытудың үздік авторлық әдістемесі» республикалық конкурсы
Ағымдағы жылғы 19 қарашада ШҚО кәсіптік білім беру орталығы «Қазақ тілін оқытудың үздік авторлық әдістемесі» республикалық конкурсы өңірлік кезеңінің қорытындысын шығарды. Конкурсқа қатысу үшін ШҚО ТжКББ ұйымдарының қазақ тілінде оқытпайтын топтардың студенттеріне сабақ беретін қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларынан өтінімдер қабылданды. Конкурсты өткізу үшін ШҚО білім басқармасының, ШҚО кәсіптік білім беру орталығының өкілдерінен, тәжірибелі педагогтерден, педагогикалық шеберлік кәсіби конкурстарының жеңімпазынан, әдістемелік қызметтерден, біліктілікті арттыру институттарының, білім беру саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатарынан өңірлік кезеңінің жеңімпазын айқындау жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді. Конкурсқа қатысушылар қазақ тілін оқытудың авторлық әдістемесінің мәтіндік баяндалуын, қазақ тілін оқытудың авторлық әдістемесінің презентациясын және бейнероликті ұсынды. Сонымен қатар, конкурс Ережесіне сәйкес, қатысушылар бейнеролик (оқыту әдістемесі бойынша жазылған бір сабақтың бейнесі) ұсынды. Комиссияның шешімімен республикалық конкурстың өңірлік кезеңінде М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Мусанова Адина Дашақызы жеңімпаз атанып, республикалық деңгейде қазақ тілін оқытудың үздік авторлық әдістемесі үшін сайысу құқығына ие болды. Мусанова Адина Дашақызын құттықтай отырып, конкурстың республикалық кезеңінде сәттілік тілейміз!