Халықаралық семинар
2024 жылы 21-25 қазан аралығында Қытайдың Қарамай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының цифрлық технологиялар саласында кадрлар даярлау бағытында өткен Халықаралық семинарға Шығыс Қазақстан облысының делегациясының құрамында Шығыс Қазақстан облысының кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Л.Кездикбаева, Өскемен жоғары политехникалык колледжі, Үлкен Нарын колледжі, Зайсан технологиялық колледжі мен Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжінің директорлары мен директордың орынбасарлары қатысты.
Семинарға сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келген делегаттар да қатысты.
Қытай - ШЫҰ ынтымақтастық орталығының Синьцзян орталығы ұйымдастырған халықаралық семинардың барлық қатысушылары жасанды интеллекті дамыту тарихымен танысып, мәліметтер базасы, ақпаратты сақтау және қорғау, сонымен қатар, жасанды интеллектті оқытудың шарттары мен факторлары, оның мемлекетті дамытудағы интеграциясы, ЖИ-тің медицинаны, өнерді, технологияны оқыту үрдісіне енгізу жолдары бойынша білімдерін жетілдірді.
Қатысушылар Карамайдағы (ҚХР) колледждермен серіктестікті нығайту мақсатында кездесіп, алдағы уақытта студенттер мен педагогтердің тағылымдамадан өту және тәжірибе алмасуы бойынша бірлесе атқарылатын жұмыс жоспарларын талқылады.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен халықаралық серіктестікті нығайту мақсатында Карамай кәсіптік техникалық институты мен колледждер арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Семинар соңында Қытай - ШЫҰ ынтымақтастық орталығы барлық қатысушыларға «Цифрлық технология саласында кадрлар даярлау» курсынан өткені туралы сертификаттар табыстады.