Облыс колледждерінің студенттері үшін тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру
Республикалық «Жас Маман» жобасы аясында 2020-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысының 4 жетекші колледж базасында, атап айтқанда Өскемен жоғары политехникалық колледжінде – «Энергетика», Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінде - «Ауыл шаруашылығы», Өскемен құрылыс колледжінде - «Құрылыс» және Риддер колледжінде - «Металлургия» бағыттары бойынша заманауи техникамен және құрылғылармен жабдықталған Құзыреттілік орталықтарында тәжірибелік оқытулар жүргізілуде. Құзыреттілік орталықтарында тәжірибелік оқыту нәтижесінде облыстың кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысын бастапқы жұмыс дағдыларын игерген сапалы мамандармен барынша қанағаттандыруда. Құзыреттілік орталықтарында өндірістік жабдықтарға ұқсас құрылғыларда студенттердің кәсіби дағдыларын шыңдауы өндірістік процестің атмосферасына толық енуге мүмкіндік береді және колледж түлектерінің кәсіби ортаға бейімделу процесін айтарлықтай жеңілдетуде. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінің Құзыреттілік орталығында Зайсан технологиялық колледжінің «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша оқитын 15 студент тәжірибелік оқытудан өтуде. Жалпы, 2022-2023 оқу жылында Құзыреттілік орталықтарында облыс бойынша 900 студентті тәжірибелік оқытудан өткізу жоспарлануда.