«Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» республикалық онкүндігі
«Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» республикалық онкүндігі шеңберінде ШҚО ТжКБ жүйесінің оқу орындарымен келесі іс-шаралар өткізілді. Олар: «Балаға жүрек жылуы» тақырыптық сабақтар мен сынып сағаттары, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының авторы Сара Алпысқызының қызметі туралы, оның ішінде автордың жазған кітаптары мен қазақстандық және әлемдік ойшылдардың, педагог-гуманистердің шығармаларының көрмесі, «Сүйіспеншілік – өмір негізі» тақырыбында рухани әңгімелер, «Алтын жүрек анамыз», «Махаббатқа толы жүрек» мәнерлеп оқу байқаулары, «Сүйіспеншілік сабағы» челленджі (құттықтау бейнероликтері), «Руханилықтың мөлдір бұлағы» тақырыбында ана, мейірім, бейбітшілік және достық туралы эссе-конкурстар, «Қайырымдылық – жер бетінде!», «Ризамын бүгінге!» флешмобы. Сондай-ақ, ата-аналар үшін «Жүректен жылу таратқан», «Мейірімділік және кәсіби әдеп» тренингтері өткізілді. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету үшін «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Республикалық онкүндік «Әлемге деген сүйіспеншілікпен!» атты республикалық педагогикалық форумымен аяқталды. Форум жұмысын Білім және ғылым вице-министрі Асылова Бибігүл Амангелдіқызы ашты. Ол өзін-өзі тану оқытушыларына білім алушыларды адамгершілік-рухани құндылықтармен таныстыру мен тұтас рухани-адамгершілік білім беру кеңістігін құрудың ерекше миссиясы жүктелгенін атап өтті. Форум жұмысына ШҚО кәсіптік білім беру орталығының өкілдері, «Өзін-өзі тану» пәнінің оқытушылары қатысты. Іс-шаралар барысы туралы барлық ақпарат ШҚО колледждерінің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде орналастырылды. «Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» республикалық онкүндігінің қорытындысы бойынша барлығы 8 мыңнан астам студент қамтылды.