Әлеуметтік серіктестік ТжКБ саласында кадрларды даярлау сапасының өсу факторы ретінде
Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д. Ахметовтың бастамасымен Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің базасында «KazMinerals» АҚ компаниясымен бірлесіп, бүгінгі таңда сұранысқа ие 5 мамандық бойынша құзыреттілік орталығын ашу жоспарлануда. Олар: «Жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету бойынша слесарь (технологиялық машиналар мен жабдықтар)», «Электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету бойынша электрмонтер», «Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша слесарь», «Жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету бойынша слесарь (тау-шахталық жабдықтар)», «Дәнекерлеуші (барлық атаулар)».
Осыған орай, ағымдағы жылдың 23 шілдесінде Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің базасында «KazMinerals» АҚ компаниясының тәуелсіз директоры Майк Флешвер, «KazMinerals» АҚ НR басшысы Пол Гахан, «KazMinerals Actogai» АҚ НR директоры Бауыржан Әбілқасымұлы, «Востокцветмет» ЖШС бас директоры Вячеслав Якупов және Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдерімен кездесу өткізіліп, ынтымақтастық жобаны дамыту, сондай-ақ оның алдағы болашағы, қажетті жабдықтарды жеткізу және орнату мәселелері талқыланды.
Жобаны іске асыру барысында колледждің материалдық-техникалық базасын заманауи техникамен және жабдықтармен жабдықтауға «KazMinerals» АҚ компаниясының қаражаты есебінен 300,2 млн.теңгеге бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 90 млн.теңгеден астам қаржы бөлініп, колледждің бірнеше оқу шеберханаларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Компания өкілдері Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д. Ахметовтың облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға үлкен көңіл бөлетінін атап өтті.