Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында инженерлік сала бойынша кәсіби шеберліктің республикалық конкурсын өткізу туралы ақпарат
2021 жылғы 12-13 қазан аралығында онлайн форматта техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында инженерлік сала бойынша кәсіби шеберлік республикалық конкурсының 1 кезеңі өз мәресіне жетті.
Конкурстың мақсаты-ТжКОБ жүйесінің арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерін қолдау және көтермелеу, педагогикалық шеберліктерін арттыру.
Конкурс ШҚО білім басқармасы, ШҚО кәсіптік білім беру орталығымен Семей қаласының Электротехникалық колледжі базасында өткізілді.
Конкурсты өткізу үшін ШҚО Білім басқармасымен ұйымдастыру комитеті құрылды.
Конкурсқа Түсті металлургия Жоғары колледжі (Павлодар қ.), Қ.Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен-техникалық колледжі, Павлодар машина жасау колледжі, Жоғары техникалық колледжі (Көкшетау қ.), Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі, Ш. Есенов атындағы колледжі (Ақтау қ.), Қостанай автомобиль көлігі колледжі, Семей қаласының Көлік колледжі, Электротехника колледжі және Шығыс Қазақстан технология колледждерінің арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері қатысты.
Конкурстың 1-модулінің тапсырмасына сәйкес қатысушылар ЕСКД стандарттары бойынша графикалық редакторда берілген модельдің сызбасын орындады. 2 модульдің конкурстық тапсырмасының форматы бойынша «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы», «Материалтану», «Стандарттау және метрология негіздері» пәндерінен Canvas онлайн білім беру платформасында нақты уақыт режимінде автоматтандырылған тестілеуден өту қарастырылған. Қатысушылардың жұмысын аймақтың жетекші кәсіпорындарының инженерлік-техникалық қызметкерлері құрамындағы комиссия бағалады.
2021 жылғы 8-12 қараша аралығында Семей қаласының Электротехникалық колледжі базасында 3 модульден тұратын конкурстың 2 кезеңі өткізіледі:
- практикалық оқыту элементтерін көрсету;
- «Мен-SMART инженермін» - электрондық схемаларды модельдеу бағдарламасында схеманы құрастыру;
- өнеркәсіптік машиналар жабдықтарының ақауларын диагностикалау және жөндеу бойынша ситуациялық есепті шешу.
Қорытындылар ШҚО білім басқармасының, ШҚО кәсіптік білім беру орталығының сайтында, сондай-ақ, Facebook, Instagram әлеуметтік желі парақшаларында орналастырылады.