Сапалы маман даярлауда дуальды оқытудың әсері
Дуальды оқыту - білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің болашақ маманның кәсіби және әлеуметтік бейімделуі бойынша оқу үрдісінде теориялық және тәжірибелік дайындықты біріктіріп, бір уақытта екі мәселені шешетін өзара әрекеттесуі. Қазіргі уақытта білім басқармасы өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, облыстың 28 колледжінде 49 мамандық бойынша 2900 студентті қамти отырып, «Қазмырыш» ЖШС, «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС, «СМУ-Шығыс» ЖШС, «Риддер орман шаруашылығы» КММ, «Востокцветмет» ЖШС және т. б. жетекші кәсіпорындармен серіктестікте дуальды оқыту жүйесі бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асыруда. Жыл сайын колледждердің әлеуметтік әріптестер саны артып келеді, өңірдегі 976 кәсіпорынның 249-ы дуальды оқытуға қатысып отыр. Дуальды оқытуда студенттер теориялық негіздерді колледжде өтеді, ал тәжиребелік дағдылар жұмыс орнында, яғни нақты ұйымда нақты мәселелерді шешуде тәжірибелік дағдыларды алады. Тәжірибелік дайындық рөлінің артуы арқасында болашақ мамандар өндірістік дағдыларды оқу барысында игереді. Студенттер тәжірибеден өту арқылы кәсіпорынның жұмыс тәртібімен, экономикалық жағдайларымен және мүмкіндіктерімен танысады. Осы кезеңде жұмыс берушіде студенттердің білімі мен дағдылары туралы пікір қалыптасады, және де олар кадрларды «тапсырыс бойынша» дайындап, кәсіпорынның талаптарына барынша сәйкестігін қамтамасыз етеді. Қызметкерлерді іздеу мен іріктеу, қайта даярлау және бейімдеу шығындарын үнемдеу арқылы ең үздік студенттерді таңдау мүмкіндігіне ие бола отырып, үш жыл ішінде студенттердің күшті және әлсіз жақтарын айқындайды. Осылайша, бизнестің, жастар мен мемлекеттің мүдделерін бірігуіне – жұмыс берушінің нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оқытудың тиімділігін арттыруға әсер ететін үшжақты серіктестіктің жаңа деңгейіне жетуге мүмкіндік жасалуда. Әлеуметтік серіктестерді дуальды оқыту жүйесіне тарту жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде және жоғары білікті мамандар санының артуына тікелей әсер етеді, бұл облыстың ғана емес, тұтастай алғанда еліміздің экономикасының өсуіне әсер ететіні сөзсіз.