Пікірталас әдісі
Пікірталас әдістері. Пікірталас (дискуссия) өте ежелден белгілі, орта ғасырларда өте кең қолданылды (мысалы, пікірталас арқылы шындықты табу). Бұл әдістің негізгі қызметі белгілі бір мәселе бойынша көзқарастардың пікірталасы арқылы жаңа білімді игеру, өз пікірін бекіту болып табылады. Дискуссияның міндетіне таным процесін дамыту, стимулдау жатады.
Айтысу, ұстанымдардың қарама-қайшылығы, талқыланып отырған материалдың мазмұнына ерекше маңыз беру секілді пікірталас әлементтері оқытудың барлық формаларында тіпті лекцияларда да қолданылуы мүмкін. Пікірталас-лекцияларда әдетте көтерілген мәселеге қарама-қайшы көзқарастары бар екі оқытушы шығады немесе артистік дарыны бар бір оқытушы шығады. Бұндай жағдаятта дауысты өзгерту, маска пайдалану тәсілдері де қолданылады.
Пікірталасқа мүмкіндігінше оқытушылар емес, студенттерді қатыстыру керек. Бұл жағдайда әлеуметтік механизмдерді қалыптастыратын белгілі бір топтар құрылғаны дұрыс. Олар іс-әрекеттің жаңа әдістерін күшейтеді немесе жаңа тәсілдерді ойлап табады.
Дискуссиялық әдістерді тиімді түрде жүзеге асырудың бір жолы пікірталасқа түсушілердің алдын ала білікті дайындығы болып табылады. Оған көтерілетін мәселе бойынша қажетті білімді жинақтау, өз ойын шұбалаңқы емес, қысқа да нұсқа жеткізе білу, өзінің эмоциясын бақылай білу, сұрақты нақ әрі анық қою, оппоненттің ой-тұжырымына құрметпен қарау т.с.с. жатады.
Дискуссиялық әдісті тек гуманитарлық пәндерді жүргізу барысында пайдаланған ұтымды деген пікір жаңсақ, өйткені бұл әдісті тарих, әлеуметтану, этика, әдебиет сынды пәндермен қоса химия, физика, биология т.б. пәндерді өткізу үшін қолдануға әбден болады. Бұл жағдайда дискуссия ғылыми-танымдық пікіралысуға айналу керек.
Соңғы кездері аралық және қорытынды бақылауды тест арқылы өткізу студенттердің сөйлеу қабілетін, ойын жеткізе білу қабілетін төмендетті деген пікір айтылуда. Сондықтан практикалық сабақтар барысында бұл әдісті пайдалану – жоғарыда айтылған өзекті мәселенің тиімді шешімі.
Бұл әдістің тәрбиелік мәні де жоғары. Оның көмегімен білім алушылардың мінез-құлқы, темпераменті, есте сақтау және ойлау қабілеті сияқты танымдық процестерді диагностикалаумен қатар, олардың тәртібін, әрекетін, өзін-өзі ұстай алу қабілетін тәрбиелеп, дамытуға мүмкіндік туады.
Дискуссия тақырыбын таңдағанда терең мазмұнды тақырыптармен қатар, адамгершілік мәселелері, адамдар арасындағы қарым-қатынас жөнінде пікірталастыруға болады. Сонымен, пікірталас (дискуссиялық) әдістері – тек оқыту ғана емес, сондай-ақ, тәрбие тәсілі болып табылады.